Іс-әрекет туралы жалпы түсінік
Адамның күнделікті өмірдегі жағдайы бұл оның белсенді әрекет үстіндегі жағдайы. Адам үнемі әрекет етеді, бір нәрсені істейді, бір нәрсемен шұғылданады – еңбектенеді, оқиды, спортпен айналысады, ойнайды, адамдармен қарым-қатынасқа түседі және т.б. Демек, ол сыртқы ( қимыл, амалдар, бұлшық еттің күші) немесе ішкі (тіпті қимылсыз жатқан адамдағы ойлану, еске түсіру және т.б. кезде байқалатын) белсенділік танытады. Бірақ ішкі және сыртқы белсенділікті шартты түрде ғана ажыратуға болады. Адамның сыртқы белсенділігінен байқалмайтын ой еңбегінің өзі тіл қимылы сияқты ұсақ қимылдармен байланысты болатынын зерттеулер көрсетіп берді. Біздерше «іштей ойлану» деп аталатын «іштей сөйлеу» болып табылады, себебі ересек адамның ойлауы сөздік формада болады. Сондықтан адамның кез-келген іс-әрекеті сыртқы қимылмен, оның бұлшық еттерінің қозғалысымен байланысты. Іс-әрекет – бұл қажеттіліктер мен қызығушылықтарды қанағаттандырумен байланысты саналы қойылған мақсаттарға жетуге бағытталған адамның белсенділігі. Іс-әрекетсіз адамзат өмірі мүмкін емес. Іс-әрекет үстінде адам қоршаған дүниені танып біледі. Іс-әрекет адамға материалдық жағдайды – тамақты, киімді, баспананы жасайды. Іс-әрекет барысында рухани дүниелер жасалады: ғылым, әдебиет, музыка, сурет. Іс-әрекет үрдісінде адам қоршаған шындықты өзгертеді, өзінің еңбегі арқылы айналадағы әлемді жаңартады: шөл дала гүлденген баққа айналады, өзендер өзінің арнасы мен бағытын өзгертеді, тундра мен тайгада қалалар пайда болады. Іс-әрекет адамның өзін қалптастырады және оның өзін , оның еркін, мінезін, қабілетін өзертеді.